Уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі күрделеніп барады. Алайда көп жағдайда олардың қасақана ойын іске асыруына азаматтардың өзі де кінәлі. Өйткені адамдар қылмыскерлердің жаңа әдіс тәсілдерін көбіне біле бермейді, дейді тәртіп сақшылары. Лисаков қаласы ПБ қылмыстық полиция бөлімінің басшысы Диас Рахметов: “Алаяқтықтың жаңа түрінің бірі-егер сізге ұялы байланыс операторларының қызметкері қоңырау шалып, сіздің абоненттік номердің мерзімі өткен, оны өзгерту керек. Қазір сізге СМС хабрлама келеді, сондағы кодты бізге айтыңыз дейді. Бұл жағдайда, келген кодты мүлдем айтуға болмайды. Себебі абоненттік номердің мерзімі болмайды” деп атап өтті. Жуырда ғана пайда болған, тағы бір интернет алаяқтықтың түрі – бұл емхана, ауруханадан хабарласып, флюрографиядан өтуге жазылу керектігін ескертіп, және адамның жеке мәліметтерін сұрататын көрінеді. Диас Рахметовтың сөзінше, осындай факттер жайлы тұрғындардан қоңыраулар түсіп жатқан көрінеді. Яғни, алаяқтар телефон арқылы қоңырау шалып, сізді осындай күнге флюрографияға жазамыз деп, күнін уақытын айтады. Сосын жеке мәліметтерді және ұялы телефонға келген кодты сұрайды. Бұл жердеде мүлдем жауап бермей, дереу сөйлесуді тоқтату керек. Сонымен қатар, пәтерлер мен автокөлік сатып алу саласында алдау жиі кездеседі. Бұл жағдайда жеңіл ақшаны ұнатушылар алдын ала төлемді талап етеді. Ал сатып алушылар сайттағы суреттермен ғана шектеліп, алаяқтардың алдауына түсіп қалып жатады. Алаяқтықтың алдын алу мақсатында, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері қаламыздағы мектеп, балалар бақшаларында, сонымен бірге КБКБ, Өркен сияқты ірі кәсіпорындарда, қоғамдық орындарда, сауда үйлерінде алдын алу шараларын жүргізеді.