5 шағын аудандағы 2 үйдің алдында бүгінгі күні шамамен 260 метр жер қазылып, ескі құбырлар алынып тасталған. Бұл жердегі жөндеу жұмыстары шамамен сәуір айының соңында басталған. Осы орайда, дүйсенбіден бірнеше үйге ыстық су беру тоқтатылды. “Лисаковқалалықкоммунэнерго” ӨШБ бас инженері Александр Сенчев: “Осы жердегі үйлер, яғни 2, 3, 4, 5-ші және бірінші үйлер қазір ыстық сусыз отыр. Жылу маусымы басталмас бұрын, бұл учаскеде апат болып, тексеру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Құбырлар ескірген, сондықтан оны айырбастауды жоспарға енгіздік” деп атап өтті.
Бүгінгі күні мұндағы жөндеу жұмыстарына жылу желілері бойынша бір бригада және техникалардан ассенизатор машинасы, автокран және трактор жұмылдырылған. “Жоспар бойынша, осы аптаның соңына дейін жаңа құбырларды монтаждап, ыстық суды қосамыз. Әрі қарай, қазылған жерлерді көміп, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз” деді ӨШБ бас инженері. Жалпы осы жылы қаламыздағы бірнеше учаскелерде жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осы орайда “Лисаковқалалықкоммунэнерго” ӨШБ-нің инвестициялық бағдарламасы бойынша 73 млн. теңге қаржы бөлінген. Александр Сенчевтің сөзінше: “Жылу құбырларын жөндеу бойынша, осы жылы үш жоба бар. Осы 5 шағын аудан 2 үйдің жанындағы нысан. Сосын Мир көшесінде, яғни қалалық әкімдіктен Нефертити дүкеніне дейін 80 метр жылу желісін айырбастаймыз. Үшінші обьект “Аккумуляторный мир” дүкенінен 1 шағын аудан 14 үйге дейін 176 метр құбырлар жаңартылады”
Ал қаламыздағы тозығы жеткен су құбырларын жаңартуға шамамен 58 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 3 шағын ауданындағы 1,2,3-ші үйлер аймағында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, 1а шағын ауданындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен 11 шағын ауданында су құбырлары ауыстырылады. Коммуналшылар күрделі жөндеулерді маусым-шілде айларына дейін бітіруді жоспарлап отыр.